Коронавирусқа байланысты Батыс Қазақстан облысында шет елдерден келген 89 адам бақылауда тұр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, коронавирус өңірде тіркелген жоқ.
Бұл жұқпалы дерттің таралуына жол бермеу мақсатында басқа елдерден келгендерге тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.
Коронавирустық инфекция бойынша қолайсыз елдерден келген барлық адамдар үш санатқа бөлінеді.
Атап айтқанда, 1-санат «А» – Иран, Италия. 1-санат «Б» – ҚХР, Германия, Оңтүстік Корея, Франция, Испания.
2-санат: Аустрия, Бельгия, Дания, Катар, Норвегия, Нидерланды, БАӘ, Швеция, Швейцария.
3-санат: Әзербайжан, Ұлыбритания, Ирак, АҚШ, Люксембург, Словения, Чехия, Жапония.
Өңірде коронавирусқа зертханалық зерттеу «Ұлттық сараптама орталығы» БҚО филиалында жүргізіледі.
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің биылғы 12 наурыздағы №20 қаулысына сәйкес облыста 9 балалар ойын-сауық орталығы жабылды.
Батыс Қазақстанның Ресейдің бес облысымен шектесетіні белгілі.
«Қазіргі таңда Орынбор, Самара, Саратов облысымен шектесетін автоөткелдерде, сондай-ақ Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарында, «Шаған» өткізу бекетінде эпидемиологтар тексерулер мен сауалнамалар жүргізуде. Күдікті жағдай болса, сол бойда тиісті шаралар алынады», деді М.Арыспаев.