12 нау, 2020 сағат 12:25

Коронавирус: Атырауда вахталық әдіспен жұмыс істейтін ірі кәсіпорындар оқшаулау орындарын дайындады

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов коронавирус инфекциясының тарау қаупінің алдын алу және санитарлық – эпидемиологиялық шараларды күшейту мақсатында мәжіліс өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мәжіліске жауапты орган жетекшілері мен «Теңізшевройл» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ сынды ірі кәсіпорындар және олардың мердігер компанияларының басшылары мен жауапты мамандары қатысты.

Облыс көлемінде қауіпсіздікке қатысты жасалған жұмыстар жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла Ғазизов баяндады.

Ал ірі кәсіпорын өкілдері өңірде аталған қауіптің алдын алу үшін бірлесіп әрекет етуге мүдделі екендерін атап өтті. Вахталық әдіспен мыңдаған адам жұмыс істейтін ірі кәсіпорындар арнайы оқшаулау орындарын дайындап, медициналық мамандардың қырағылығын арттырған.

Ірі кәсіпорын жетекшілері облыстық денсаулық сақтау басқармасымен қоян-қолтық жұмыс істеуді күшейтеді.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов тиісті сала басшыларына қауіпсіздік шараларын күшейтуге байланысты бірқатар тапсырма берді.