Коронавирусты анықтау тесті оң нәтиже көрсеткен кезде үрейге бой алдырудың қажеті жоқ. Бұл жайында Қазақстанның жетешкі инфекционист дәрігері Данагүл Баешева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ауруға шалдыққандардың 80 пайызында індеттің жеңіл әрі симптомсыз формасы болады. Адамдардың көпшілігі ПТР-тест оң нәтиже көрсеткен жағдайда үрейге бой алдырып жатады. Мұнан қорқудың еш қажеті жоқ», - деді Қазақстанның жетекші инфекционисі Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, дене қызуы сынды алғашқы белгілері пайда болған кезде де қорқудың еш қажеті жоқ.
«Сабырлық сақтау керек. Өйткені, өзіңіз де сырқаттану артып келе жатқанын көріп отырсыз. Қазіргі уақытта үрейге бой алдырып, дүрбелең тудыруға болмайды. Қалай дегенмен де тәуекел тобындағы адамдарға барынша назар аударған жөн. Бұл топқа созылмалы аурулары бар егде жастағы адамдар кіреді», - деді Данагүл Баешева.