Алматының Өңірлік штабы әуежай мен ауруханада коронавирустың алдын алу шараларының жүзеге асырылуын тексерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен Алматы халықаралық әуежайында коронавирусты инфекцияның алдын алу бойынша аймақтық штабтың көшпелі отырысы өтті.
Мақсат – әуежайда жүргізілетін санитарлық-гигиеналық және профилактикалық іс-шараларды бағалау, туристік фирмалардың, туристік дүңгіршек пен турполицияның жұмысын тексеру.
Санитарлық-гигиеналық режимді күшейту және коронавирусты инфекцияның алдын алу мәселелері бойынша ұсыныстар берілді.
Сонымен қатар, №4 қалалық клиникалық аурухананың шұғыл мамандандырылған медициналық көмек көрсету бойынша дайындығы, 3h (триаж) жүйесі бойынша қабылдау бөлімшесінің жұмысы, сондай-ақ коронавирусты инфекцияға күдікті адамдарды анықтау жағдайына ден қою шаралары тексерілді.