28 нау, 2020 сағат 11:42

Коронавирус: Ақпарат беруден бас тартқан адамға қатысты іс қозғалды

Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау департаментінің басшысы Зекен Исаков коронавирустың таралу қаупін азайту үшін қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Департамент мамандары ауру жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандарды анықтауға қатысты барлық шараны қабылдауда. Байланыста болған адамдар туралы мәлімет беруден бас тартқан жағдай тіркелді. Ол туралы материал қалалық полиция департаментіне жіберіліп, қылмыстық іс қозғалды», - дейді Зекен Исаков Хабар 24 арнасында өткен онлайн брифингте. 

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласына келген адамдарды стационарда бір тәулікке карантинде ұсталып, коронавирус жұқтырған-жұқтырмағаны зертханалық жағдайда анықталуда.

«Нәтижесі шыққан соң кімнің стационарлық жағдайда бола тұруы керек екені және кім 13 тәулік бойы үй жағдайындағы карантинде болуы керек екені анықталады. Елордаға келгендер ішінде тұмау белгісі, дене қызуы көтеріліп тұрған адамдар жоқ», - дейді ол.