04 мау, 2020 сағат 16:43

Коронавирус: 24 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған

Елімізде коронавирус жұқтырған 24 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Бұл туралы бүгін ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көп жағдайда кейбір азаматтар сенбей: «мұндай ауру жоқ, жай вирус» деп жатады. Өкінішке орай, бұл жай ауру емес, 48 науқас азаматымыз қайтыс болды. Қосымша 37 адам басқа аурулардың салдарынан өмірден өтті. Бірақ, олардан да коронавирус табылды. Бірақ, нақты коронавирустан қайтыс болған адам - 48», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. 

Министр қазіргі күні жансақтау бөлімшелерінде жатқан науқастардың бар екендігін баса айтты.

«24 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Олар өте күрделі пневмониямен аурған науқастар. Өңірлердегі бұл статистканы күнделікті қарап отырамыз. Өзімнің бақылауымда. Әрбір өңірде жеткілікті төсек-орын, аппарат бар. Жергілікті атқарушы органдармен жүргізілген жұмыстардың негізінде қажетті ресрустардың барлығы дайындалған», - деді Елжан Біртанов.