25 ақп, 2023 сағат 11:47

«Қорғас» жақын арада өз жұмысын бастауы тиіс - Смайылов

Фото: primeminister.kz

Талдықорғанда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Жетісу облысының одан әрі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Премьер-Министр өз сөзінде Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын орындау аясында алдағы жылдары республиканың ауылдық аймақтары мен агроөнеркәсіп секторын дамыту мәселелеріне басымдық берілетінін атап өтті. Яғни, ауыл тұрғындарының табысы мен өмір сүру сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылданады.

Үкімет басшысының айтуынша, облыс әкімдігі Экология министрлігімен бірлесіп, ирригациялық желілерді сапалы жаңғыртып, су объектілерін уақытылы пайдалануға беруі қажет. Сондай-ақ пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару әлі де өзекті мәселе болып отыр.

«Жергілікті атқарушы органдар жүргізіп жатқан жұмыстарға қарамастан, облыста әлі 857 мың гектар ауыл шаруашылығы жері пайдаланылмайды. Ал халықтың жайылымдық жерлерге деген қажеттілігі 680 мың гектардан асады. Сондықтан ауылдық елді мекендердің маңында жерлерді сол ауыл тұрғындарына мал жаюға беру жолдарын пысықтау керек. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

Инженерлік инфрақұрылым бойынша Үкімет басшысы қолданыстағы кәріз желілерінің тозу деңгейі 58%-ға жеткенін, бұл ретте әкімдік тарапынан осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.

Әлихан Смайылов шешімін табуды қажет ететін бірқатар әлеуметтік мәселеге назар аударды. Мәселен, облыста бес мыңнан астам бала 69 бейімделген мектепте оқиды, тағы бір мектеп апаттық жағдайда болса, 26 мектеп саман кірпіштен тұрғызылған. Сонымен қатар Үкімет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Атап айтқанда, 2026 жылға дейін өңірде жаңа 10 мектеп ашу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 55 млрд теңге қарастырылған. 

«Сондай-ақ Қаржы министрлігінің сыбайлас жемқорлардың қаражаты есебінен құрылған бюджеттен тыс қоры бар. Осы қаражат есебінен де қосымша мектептер салынатын болады», — деді Премьер-Министр. 

Денсаулық сақтау саласындағы ахуал туралы айта келе, Үкімет басшысы облыстағы 59 медициналық нысан жалға алынған және бейімделген ғимараттарда орналасқанын атап өтті.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында екі жыл ішінде осы медициналық объектілер денсаулық сақтау желісінің нормативіне сәйкес келтірілетін болады. Сонымен қатар әкімдік жер учаскелерін бөлуді және инженерлік коммуникацияларды жүргізуді жедел қамтамасыз етуі қажет», — деді Премьер-Министр. 

Сонымен қатар Әлихан Смайылов қаладан келетін кадрларды, әсіресе жастарды әлеуметтік қолдау арқылы ауылдық жерлердегі медицина қызметкерлерінің тапшылығы мәселесін шешудің маңызын атап өтті. Мұнда, Үкімет басшысының айтуынша, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының құралдарын барынша пайдалану қажет.

Әрі қарай экономикалық блок мәселелері туралы сөз қозғаған Премьер-Министр логистиканы дамыту облыстағы перспективалы бағыттардың бірі екенін атап өтті. Ол пандемия басталғаннан бері «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы тоқтап тұрғанын, алайда қазіргі уақытта қытай тарапымен оны ашу туралы келісімге қол жеткізілгені туралы айтты.

«Қорғас» жақын арада өз жұмысын бастауы тиіс. Енді дайындық жұмыстарын жеделдетіп, Орталық қызметіне тартылған барлық құрылымдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету керек», — деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов жоспарланып отырған инвестициялық жобаларды уақытылы іске қосудың және өңірді қолжетімді бағада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.

Сөз соңында Премьер-Министр уәкілетті мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді: елді мекендерде газ тарату желілерін, «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салу, Талдықорғанда «Басқуат» қазандығын қайта жаңарту және Текелі қаласының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау қажет.

Сонымен қатар Үкімет басшысы 6 ауылда сумен жабдықтау жүйелерін реконструкциялау мен салуға, 15 апаттық жағдайдағы көпірді жөндеуге, Ақсу орталық аудандық ауруханасын жөндеуге және сейсмикалық жағынан күшейтуге қаражат бөлу мәселелерін қарастыру, сондай-ақ Кербұлақ ауданының ауруханасын жөндеуге және Талдықорғанда 500 қабылдауға арналған емхана салуға қаражат қарастыру қажеттігіне назар аударды.

Энергетика министрлігіне Алакөл жағалауындағы туристік нысандарды үздіксіз электрмен жабдықтау үшін желілер құрылысын кезең-кезеңмен қаржыландыру мәселесін қарастыру, Ұлттық экономика министрлігіне инженерлік инфрақұрылым салу және Балқаш көлінің жағалауын абаттандыру жөніндегі бюджеттік бағдарламалардың әкімшісін анықтау тапсырылды.

Айта кетейік, жиында Облыс әкімі Бейбіт Исабаев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, сондай-ақ ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов іске асырылып жатқан шаралар мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы баяндама жасады.