«Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында төбелес шығарғандар ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Жетісу облысының Полиция департаментіне сілтеме жасап.
«6 қыркүйекте «Қорғас» ХШЫО аумағында төбелес болды. Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-тармағының 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша Панфилов аудандық полициясының СДТБТ-де тіркелді.
Төбелеске 20-26 жас аралығындағы бір топ жергілікті тұрғын қатысқаны белгілі болды. Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, полицияға жеткізілді. Жәбірленушілер мен зардап шеккендер жоқ.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу жалғасуда, оның қорытындысы бойынша оқиғаға қатысқандардың әрекетіне құқықтық баға беріледі" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, оқиға орнынан табылған травматикалық тапанша тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Аталған істі тергеп-тексеруді облыстық Департамент ерекше бақылауға алды.