Қорғаныс министрінің орынабсары Тимур Дәндібаев Арыс қаласындағы қазіргі жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Арыс қаласындағы жағдайды қамтамасыз ету үшін тартылған қарулы күштердің барлық бөлімшелері төтенше жағдай салдарын жоюды жалғастырып жатыр. Ол үшін 42 минадан тазарту тобы құрылды. Олар Арыс қаласында, тікелей арсенал аумағында тұрғындардың шақыртуы бойынша ұтқыр топтарда жұмыс істейді. Қазіргі таңда оқ-дәрілер қалдықтарын жою жұмыстары жүрізілуде. Қарулы күштердің бөлімшелерімен жұмыс күндері таңғы сағат 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жою жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді министрдің орынбасары.
Ол тасымалдауға жатпайтын оқ-дәрілер арсенал аумағынан жойылатынын айтты.
«Қалғандары Арыс қаласының солтүстігінде 50 км жерде бұрын оқ-дәрілерді жоюмен айналысқан арнайы жабдықталған полигонға тасымалданады. Жергілікті халыққа қауіп туғызбайтын оқ-дәрілерді жою кезінде тұрғындарға даурықпауды, қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдауды сұрайды. Қалада саперлер жұмысы жалғасып жатыр. Тұрғындар оқ-дәрілердің қалдықтарын байқап қалған жағдайда мобильді саперлер бекеттеріне жүгіне алады.
Қаланы оқ-дәрілерден тазарту, оның қалдықтарын жою, әскери бөлімді көшіру жұмысы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың жеке бақылауында. Бүгін ол Арыста жүр», - деді Дәндібаев.
Министрдің орынбасары жергілікті тұрғындармен күдікті заттарды табу мәселесі бойынша түсіндіру жұмысы белсенді жүргізіліп, жеке құрам Арыс тұрғындарының үйлеріне қайтып оралуына да көмектесіп, әскери психологтар тобы іс-шара кешенін, сонымен қатар тұрғындарға кеңес беріп жатқанын атап өтті.