11 қаз, 2018 сағат 18:44

Қорғаныс министрі Шымкент гарнизонының әскери бөлімін дабыл бойынша көтерді

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Шымкент және Арыс гарнизондарының құрамаларын, әскери бөлімдері мен мекемелерін тексерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қорғаныс ведомствосынан мәлім еткендей, министр Н.Ермекбаев техникамен шоғырлану ауданына жеткен Шымкент гарнизонына қарасты әскери бөлімдердің бірін дабыл бойынша кенеттен көтерді. Сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканың сақталу тәртібі мен шарттары, оқу-материалдық базаның жай-күйі, әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелерінің іске асырылуы, инфрақұрылым және техникалық аймақ нысандары тексерілді.


Бұдан бөлек, бөлімшелердің жеке құрамына Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының іске асырылуының негізгі бағыттары түсіндірілді.

«Сапар қорытындысы бойынша басшылық құрамалар мен әскери бөлімдердің қолбасшылығына әскери бөлімдер мен бөлімшелердің оқу-материалдық базасын, сондай-ақ әскери қалашықтардың инфрақұрылымын жетілдіру, одан әрі дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Одан басқа, Шымкент қаласында мектептердегі әскери-патриоттық тәрбие берудің рөлін күшейту туралы Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған талаптарды іске асыру шеңберінде ҚР Қорғаныс министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қоғамдық қозғалыс арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қойылды», - делінген министрлік хабарламасында.