01 қар, 2023 сағат 18:34

Қорғаныс министрі әскери базадағы ТЖ мен офицердің қазасы туралы айтты

Фото: gov.kz

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Талдықорғандағы әскери-әуе базасында екі әскери қызметкер зардап шегіп, біреуі қаза тапқан оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Министрдің айтуынша, әуе базасында қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан апат болған. Бұл ретте, Жақсылықовтың сөзінше, алған жарақатынан қаза болған офицер тәртіпбұзушылыққа жол берген.

"Тергеу әлі жалғасып жатыр. Оның нәтижелерін хабарлаймыз. Бірақ, өкінішке қарай, өмірімізде қате әрекеттер қайтымсыз салдарға әкеп соғатын жағдайлар бар. Оның үстіне, әскери қызмет әрқашан қауіппен байланысты. Сондықтан қауіпсіздік шараларын жеке және ұжымдық түрде сақтауымыз керек", - деп қосты министр.

Сондай-ақ Жақсылықов оқиғаның салдарынан ұшақтарға да, ғимараттарға да зақым келмегенін айтты.

"Бұл - ұшақтың снаряды. Ол дұрыс пайдаланылмай, снаряд ұшып кеткен", - деп түсіндірді Қорғаныс министрі.