22 жел, 2021 сағат 16:27

«Корея Республикасының Цифрлық үкімет саласындағы саясаты мен озық тәжірбиесі» онлайн-курсы іске қосылды


Корея Республикасы Үкіметі мен Астана мемлекеттік қызмет хабы Орталық Азия мен Кавказ елдерінің мемлекеттік қызметкерлері үшін цифрлық үкіметті дамыту жөніндегі онлайн-курсты іске қосты.

«Корея Республикасының Цифрлық үкімет саласындағы саясаты мен озық тәжірбиесі» онлайн-курсы Корея Республикасы Үкіметі, БҰҰ Даму Бағдарламасы мен Астана мемлекеттік қызмет хабы бірлескен үш жылдық жобасы аясында әзірленді. Оқыту барысында Орталық Азия мен Кавказдың жеті елінің мемлекеттік органдарының цифрландыруға жауапты 40-қа жуық өкілі стратегияны, саясатты, жетістіктерді, инновациялық тәсілдер мен жаңа технологияларды қоса алғанда, цифрлық үкіметті дамыту бойынша Кореяның озық тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік алады. Курс шеңберінде қатысушылар цифрлық үкімет жобаларын әзірлеу мен іске асыру, киберқауіпсіздікті басқару, проактивті қызметтерге көшу, G-cloud-та деректер мен құжаттарды сақтау және т.б. бағытта тиімді әдістермен танысады. 

Онлайн курсты аша отырып, Астана мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов «цифрландыру – бүгінгі таңда өмірлік қажеттілік, оған пандемия кезеңінде тағы да көз жеткізгенімізді» атап өтті. Ол «цифрлық трансформация және жаңа технологиялар тиімді пайдаланған жағдайда азаматтардың үкімет шешімдеріне сенім деңгейін арттыруға көмектесетінін, бұл тек әлеуметтік құндылық қана емес, сонымен қатар маңызды әкімшілік капитал екенін" атап өтті.

Өз кезегінде Корея Республикасы Цифрлық үкімет бюросы бас директоры Сух Борам Кореяның кейбір инновациялық шешімдерімен бөлісіп, осы дағдарысты үлкен өзгерістер үшін жаңа мүмкіндікке айналдыру мақсатында мемлекеттік және жеке секторлармен ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара шеңберінде Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігінің Цифрлық үкімет ынтымақтастығы бөлімінің (MOIS) директоры Сонджу Сон және Корея Республикасы Ақпараттық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық агенттігі (NIA) аға менеджері Джеймс Ким сөз сөйлеп,олар цифрлық үкіметтің саясаты туралы айтып берді, сондай-ақ үлкен деректерді басқару және талдау (BigData) бойынша үздік тәжірбиелермен таныстырды. Сондай-ақ, MOIS Цифрлық үкімет ынтымақтастық бөлімі директорының көмекшісі Нами Ким онлайн-курстың негізгі тұстарын, атап айтқанда, табысты цифрлық жоба үшін тұжырымдаманы (PCP) қалай әзірлеу керектігіне тоқталды.

Жалпы, онлайн-курс қатысушыларға «Google class room» платформасында негізгі қызметтен қол үзбей, ыңғайлы уақытта өз бетінше онлайн-курстан өтуге мүмкіндік береді. Ол сегіз модульден тұрады және жетекші корей практиктерімен жазылған бейнедәрістерді, сонымен қатар презентациялар мен пайдалы анықтамалық материалдарды қамтиды.

Онлайн-курстың бірегейлігі мынада - оқу барысында қатысушылар цифрлық жобаға арналған тұжырымдама әзірлеуге мүмкіндік алады. Талаптарға сәйкес келетін жобалар оларды әрі қарай жүзеге асыру үшін Корея үкіметінен қаржыландыруға өтініш бере алады.

Астана хабының сайтында курс бағдарламасымен танысуға болады:

https://www.astanacivilservicehub.org

Жоба сондай-ақ үш жыл ішінде жүзеге асырылатын бірқатар басқа да іс-шараларды қамтиды: мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша бірқатар семинарлар ұйымастыру, сондай-ақ Корея Республикасының мемлекеттік мекемелеріне оқыту сапарларын ұйымдастыру көзделген.

Жоба үш жылға есептелген және Орталық Азия (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан) және Кавказ (Әзірбайжан, Армения, Грузия) елдері үшін Хаб, БҰҰДБ, MOIS және NIA жүзеге асыратын болады. Жобаны қаржыландыруды Корея Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.