
Қордай ауданындағы жаппай төбелес кезінде ұсталған 47 адамның барлығы босатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысына шұғыл жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай, Үкіметтік комиссияны бастап барған вице-премьер, өңір басшысымен бірге алғашқы брифинг өткізді.
Кеше 7 қаңтар күні кешкі сағат алты жарым шамасында Қаракемер мен іргелес жатқан Масанчи ауылы тұрғындары арасында қақтығыс орын алды. Таяқ-таспен қаруланған бүлікшілер үйлердің терезесін сындырып, көліктер мен дүкендерді өртей бастады.
Бүлік салдарынан 8 адам қаза тапты. 123 адам медициналық көмекке жүгінді. Оның ішінде 39-ы оқ жарақатын алған.
Тағы 43 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Жетеуі - жансақтау бөлімінде. 13 адам туысқандарының көмегімен көрші қырғыз еліндегі Тоқмақ ауруханасына жеткізілді.
Оқиға орнында 14 жедел жәрдем бригадасы мен 39 дәрігер медициналық көмек көрсетіп жатыр. 19 арнайы техника, 12 өрт сөндіру көлігі мен төтенше жағдайлар департаментінің 80 қызметкері жұмылдырылды.
«Бір Аллаға шүкіршілік айтамын. Бейбітшілікті ту еткен осындай елде тұрып жатқанымыз үшін Үкіметке алғысымызды білдіреміз. Жерлестер, ешқандай араңдатушылыққа жол бермеңдер. Сан жылдар бойы тату-тәтті өмір сүріп келдік. Санаулы адамдардың тұрмыстық сипаттағы мәселесіне бола, күллі елдің мазасын алдық. Біздің, ақсақалдардың да қателігі барын жасырмаймыз. Қариялар жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізіп отыру керек», - дейді Сортөбе ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Исмар Войнце.
Осылайша, Үкімет комиссиясының бірінші тапсырмасы – бүліктің басталу себебін анықтау. Екіншіден, әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық сипаттағы көмек көрсету шараларын қолға алу. Үшіншіден, жергілікті әкімдікпен бірлесе, қаза тапқандардың жерлеу рәсімін ұйымдастыруы қажет .
Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіп, олардың материалдық шығынын өтеуі шарт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ақордада өткен шұғыл жиналыста Үкімет комиссиясына осындай тапсырма берді.
