05 нау, 2020 сағат 10:35

Қордайда өртенген ғимараттан табылған мәйіттің кім екені анықталды

Қордай ауданы Масанчи ауылындағы өртенген ғимараттың ішінен табылған мәйіттің кім екендігі белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Ағымдағы жылдың 11 ақпанында Масанчи ауылындағы өртенген сауда ғимаратынан табылған адам сүйектеріне қатысты жүргізілген генетикалық сараптама нәтижелері бойынша көз жұмған адамның жеке басы анықталды. Ол хабар-ошарсыз кеткен 20 жастағы Мұрат Масанов болып шықты. Оның жоғалғаны туралы полицияға 9 ақпан күні әкесі xабарлаған», - делінген ведомство мәлімдемесінде.

Сондай-ақ, адам өлімінің мән-жайы бүгінгі таңда жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында анықталмақ.