10 ақп, 2020 сағат 06:17

Қордай ауданына алғашқы гуманитарлық көмек жетті

Жамбыл облысының Қордай ауданына алғашқы гуманитарлық көмек жеткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның хабарлауынша, қазір ауданда жағдай қалыпты. Құқыққорғау органдары, Ұлттық ұлан сарбаздары, төтенше жағдай саласының қызметкерлері тыныштықты күзетуде. Сондай-ақ өткен түні Сортөбе ауылына алғашқы гуманитарлық көмек келіп жеткен. Оны Жамбыл ауданы Жалпақтөбе ауылының тұрғындары ерікті түрде жинаған. 5 тонна ұн, 1,5 тонна май, 2 тонна қант, 2 тонна күріш, балаларға жаялықтар, жылы киімдер, 10 мың дана дәрі-дәрмек штабқа түсірілді.

«Енді қажет болған жағдайда көмекке мұқтаж жандарға тарату шаралары ұйымдастырылады. Бүгін кешке дейін тұрғындар тарапынан қосымша тағы 10 тоннаға жуық азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар жеткізіледі деп күтілуде.

Сондай-ақ бүгін мектеп, балабақшалар жұмыс істей бастайды. Кеше білім ошақтары мен мектепке дейінгі білім мекемелері балаларды қабылдауға әзірленді. Қазір аудандық білім бөлімінің мамандары мектептерді аралап, жағдайды көріп, бағамдап қайтпақ», - деп хабарлады телеарна.

Еске салайық, 7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұзақылық сипаттағы жаппай төбелесті арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылатынын, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстары ұйымдастырылатынын, қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатынын мәлім етті. Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма берілді.

Тәртіпсіздіктер кейін Қордай, Ауқатты, Сортобе елді мекендерінде де болған.

8 ақпан күні Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев оқиғаға қатысты елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізді. Мәлім етілгендей, жанжалға басқа ауылдардан келген 300-ден астам адам қосылған. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрып, қару қолданған. Оқиға орнында 8 адам, ауруханада 2 адам көз жұмды. 9 ақпан сағат 11.00-дегі мәлімет бойынша, медициналық көмекке 165 адам жүгінген. Тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдарға - 140 адам, Қырғызстандағы медициналық ұйымға - 25 адам жеткізілді. «Қазақстандағы ауруханаға жатқызылғандардың ішінде тұрақты ауыр жағдайда 30 адам, ал аса ауыр жағдайда 8 адам бар. Қайтыс болғандардың саны – 10. Оқиға орнында 8, ал тағы 2 адам медициналық мекемеде қайтыс болды. Қазіргі таңда әлі 8 адам жансақтау бөлімінде жатыр», - деді Ләззат Ақтаева.

Жанжалдарға қатысы бар деген күдікпен 47 адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Олардан екі аңшы қаруы тәркіленді. Кейін олардың 44-і босатылды.

ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және соған қатысу) және 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Қордай ауданында төтенше жағдай жарияланды. Бердібек Сапарбаев басшылық еткен үкіметтік комиссия аудан тұрғындарымен кездесті, Қордай ауданында түнгі қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін тексерді, этно-мәдени бірлестік басшыларымен жүздесті, қаза тапқандардың үйіне барып, көңіл айтты. Зақымдалған нысандарды қалпына келтіру жұмыстары басталды.

ҚР ІІМ мәліметінше, Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік көршілес екі ауыл тұрғындары арасында басталған.

«Әу баста, яғни 5 ақпанда екі ауылдың тұрғындары ұстасып қалған. Тұрмыстық қақтығысқа қатысқандардың бірі қазір ұсталып, қалғандары ауданнан шықпайтыны жөнінде қолхатпен босатылды. Ауыр жүк көлігі үйден шығып келе жатқан кезде жолда келе жатқан автокөлікпен жолға таласып қалған.Көліктерде үш-үш адамнан болған. Ақыры өзара жанжал соңы төбелеске ұласып кеткен», - деді ІІМ орынбасары Алексей Калайчиди ОКҚ-да.

Сондай-ақ ол жол үстінде төбелескен алты кісінің арасында егде жастағы адамның болғанын растады. «Ол төбелес кезінде зардап шеккен... Жалпы қазір біз барлық тараған ақпаратқа талдау жүргізіп отырмыз. Ол жерде жүзге тарта адам болған. Олардың әрқайсысының сол жерге келу мотивін зерттеп жатырмыз», - деді ол.