12 қар, 2021 сағат 15:37

Қор нарығында жеке инвесторлар 203 мыңға дейін ұлғайды


2021 жылы банктерге брокерлік қызмет көрсету құқығы беріледі. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы бес жылда қор нарығын капиталдандыру 47,3 трлн теңгеге жетіп, үш еседен астын. Бұл ЖІӨ-нің 61%-ын құрайды. 2021 жылы қор нарығы инфрақұрылымын жаңғырту нәтижесінде MSCI және FTSE Russel халықаралық индекстерінде Қазақстан Emerging Markets MSCI санаты үшін негізгі сапалық өлшемшарттарға және Secondary Emerging Markets FTSE Russel критерийлеріне толық сәйкес келді», - деді М. Әбілқасымова Қазақстан қаржыгерлерінің IX Конгресінде. 

Оның айтуынша, қор нарығындағы басты процесс жеке инвесторлар белсенділігінің артуы болды. 2020 жылы қашықтан идентификациялауды енгізу арқылы қор нарығында жеке тұлғалардың саны 203 мыңға дейін ұлғайды.

«2021 жылы банктерге брокерлік қызметтердің толық аясын ұсыну құқығын бере отырып, біз осы сегментте одан әрі өсуді күтеміз. Жеке инвесторлар санының артуымен бірге біз олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау тетіктерін жақсарту қажеттілігіне тап болдық. Осыған байланысты реттеу аясына қаржы делдалдары енгізіледі. Инвестициялық ұсынымдардың сапасы үшін жауапкершілік айқындалды, инвесторлардың тәуекел бейінін айқындау бойынша тәсілдер өзгертілді», - деді спикер.

М. Әбілқасымова ұжымдық инвестицияларды реттеу бөлігінде биржаға тәуекелді инвестициялау қорларын жіберуге шектеулер алынғанын атап өтті. Қабылданған шаралар инвестициялық қорлар активтерінің жыл басынан бері 47%-ға 627 млрд теңгеге дейін өсуіне алып келді.

«Жаңа эмитенттердің нарыққа шығуын ынталандыру үшін рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыру және қысқарту арқылы олардың қолжетімділігі жеңілдетілді. Жеке орналастыруға арналған облигацияларды, инвестициялық облигацияларды, клирингтік қатысу сертификаттарын қоса алғанда, қазақстандық эмитенттер үшін қолжетімді қаржы құралдарының желісі кеңейтілді», - деді М. Әбілқасымова.