Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі құрылысы аяқталмаған «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешенін сүру жөнінде түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Төтенше жағдайлар департаментінің техникалық тексеруі мен тұжырымдамасынан кейін «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешені сүріліп жатыр. Бұл жұмыстар темірбетон тақталарды компрессормен бұзу әдісімен басталды. Алайда, бұл жұмыстарды атқаруда нысан қабырғасында жарықшақтар пайда болды. Қираудың алдын алып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ғимарат аула жағынан бастап сүрілді», - деп жазды елорда әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы Ақмарал Олжабаева Facebook-тегі ресми парақшасында.
Оның айтуынша, 24 қазанда тұрғын үй кешенінің алғашқы ғимараты бұзылды.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде көршілес орналасқан үй тұрғындары сүру жұмыстарының түнде жүргізілгеніне наразылық білдірді.
Үлескерлердің қатысуымен құрылысы 10 жыл бұрын басталған проблемалы үйдің сүрілетіні биылғы тамыз айында хабарланған болатын.