17 мам, 2022 сағат 14:31

Көпқабатты үйден қызды құтқару сәтін түсірген әйелге кәсіпкер ақшалай сыйлық жасады


Сегізінші қабаттан құлай жаздаған үш жасар қызды құтқарып қалған Сәбит пен Сағидың ерлігін видеоға түсірген Бақыт Четеноваға алматылық кәсіпкер мен айтыскер ақын Сара Тоқтамысова сый жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Бұл туралы Qazaqstan арнасындағы "1001 түн" бағдарламасында айтылды.

Сәбит пен Сағидың қуанышына себепкер болған Бақыт Четенова бірер күн бұрын ұл босанды. Төртінші баланы дүниеге әкелген ол әлі перзентханада жатыр, десе де бағдарламаға телефон арқылы байланысқа шықты. Сол жерде алдымен ақын Сара Тоқтамысова келіншектің "еңбегі зор екенін айтып", оған босанған соң жылы жүрсін деп кәжекей сыйлады.

"Сіздің бұл ісіңіз көпке үлгі болатын жағдай. Себебі, шыны керек, қаншама жағдай болып жатыр. Оның барлығы айтылған жерде қалып жатыр. Ал бұл жерде марапат алып, сол видео арқылы шетелге таралып жатыр. Сондықтан сіздің еңбегіңіз ерен", - деген ақын Бақыт Четеноваға кәжекей сыйлады. 

Ал бағдарлама соңында жүргізушілер Бақыт Четеноваға алматылық кәсіпкер қаржылай сый беретінін айтты.  

Бұған дейін терезеден құлай жаздаған үш жасар қызды құтқару сәтін видеоға түсірген елордалық Бақыт Четенова ешкім алғыс айтпағанын мәлімдеген еді. 

Еске салайық, астанада көпқабатты тұрғын үйдің сегізінші қабатынан құлай жаздаған қызды құтқарған қызылордалық Сәбит Шонтақбаев пен Сағи Жылқышиевке Нұр-Сұлтаннан пәтер берілетін болды. Сонымен қатар, екі ер адамға жұмысқа орналасуына және несиесін жабуға көмек беріледі. Оқиға 11 мамырда болған.