Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында өңірдегі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды жатақханамен қамту мәселесі қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров баяндама жасады. Ол Тараз қаласы №5 «Қарасу» мөлтек ауданынан салынатын көпбалалы отбасыларға арналған 4 көпқабатты әлеуметтік жатақхананың құрылыс жобасымен таныстырды. Оның айтуынша жатақханада барлығы 180 пәтер болады деп жоспарлануда. Жоба құны 812 миллион теңгеге айналмақ. Құрылыстың жалпы аумағы 8 100 шаршы метрді құраса, пәтердің бір шаршы метрінің құны 100,2 мың теңгеге айналады.
Айта кету керек 4 жатақхана соғылатын аумақта инфрақұрылым мәселесі шешілген. Ал, жатақхананың ішкі құрылысы кәдімгі екі бөлмелі пәтерлерден тұрады. Ондағы бір пәтердің жалпы ауданы 35-40 шаршы метрді құрайды. Әр пәтерде зал және жатын бөлмелер, сондай-ақ, әр пәтердің өз ас үйі, әжетханасы мен жуынатын (санузел) бөлмесі де болады.
Жоспар бойынша жобаның барлық құжаттары алдағы үш айда дайындалып, құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында басталып, 1-желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс.
Асқар Исабекұлы құжаттарды дайындау мен құрылыс жұмыстарын барынша жылдамдатып, ағымдағы жылдың қазан айына дейін жатақхананы тапсыру керектігін баса айтты. Сондай-ақ, өңір басшысы тұрғын үй кезегінде тұрған 23 мың адамның мәселесін шешу үшін өңірдегі тұрғын үй құрылысының көлемін барынша арттыру қажеттігіне көңіл бөліп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Жиын барысында «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Серік Олжабаев ұйым тарапынан биыл жоба құны 203 миллион теңгеден болатын 45 пәтерлі екі көпқабатты әлеуметтік тұрғын үй соғуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, серіктестік басшысы қолдау болса, бұл бағытта ауқымды құрылыс жүргізуге мүмкіншіліктері жететінін білдірді. Асқар Исабекұлы тұрғын үй мәселесін шешуде мердігерлердің мүмкіншілігі мен әлеуетін пайдаланудың қос тарапқа да тиімділігін тілге тиек етіп, осы тұрғыда тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, басқосуда Облыс орталығы және Шу, Жаңатас, Қаратау қалаларындағы тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған отбасылардың жатақхана мәселесін шешу жолдары сараланып, жаңа ғимарат соғу немесе бос нысандарды сатып алып, ыңғайластыру шаралары жан-жақты талқыланды.