27 там, 2021 сағат 10:43

Көпбалалы отбасыларға жыл басынан бері 164,6 млрд теңге жәрдемақы берілді


2021 жылғы қаңтардан бастап шілдені қоса алғандағы аралықта көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы төлемдерімен жалпы сомасы 164,6 млрд теңгеге жетіп, орта есеппен 446,3 мың отбасы қамтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, шілде айныда жәрдемақының бұл түрі 449,2 мың отбасыға берілген, оның жалпы сомасы 23,6 млрд теңгеге жеткен.

Аталған мемлекеттік жәрдемақы 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан беріледі.

«Төлем мөлшері балалардың санына байланысты сараланып төленеді және 2021 жылы 46 760 теңгені (4 бала), 58 457 теңгені (5 бала), 70 154 (6 бала) теңгені, 81 852 теңгені (7 бала), 8 балаға – 93 344 теңгені, 9 балаға – 105 012 теңгені, 10 балаға – 116 680 теңгені, 11 балаға – 128 348 теңгені, 12 балаға – 140 016 теңгені, 13 балаға – 151 684 теңгені, 14 балаға – 163 352 теңгені, 15 балаға – 175 020 теңгені, 16 балаға – 186 688 теңге», делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, көпбалалы отбасыларға олардың кірістерін есепке алмай берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты шеңберінде енгізілген болатын.