Желіде әйелдердің әкімдікке келген ер адамды жабылып сабап жатқан сәті түсірілген видео тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің мәліметінше, әйелдер әкімдік ғимаратына баспана мәселесін шешу үшін барған.
"Әйелдер ғимараттың кіреберісін жауып, әкімдікке өз мәселесі бойынша келген ер адамға шабуыл жасады. Ер адам әкімдіктің немесе өзге мемлекеттік органның қызметкері емес, ол қаланың қарапайым тұрғыны", – дейді әкімдіктегілер.
Полиция департаментінің дерегінше, оқиға сағат 11-12-лер шамасында болған. Жанжалға қатысушылардан полицияға бір-біріне шара қолдану туралы арыз түскен. Аталған факті "Сарыарқа" ауданының полиция басқармасында тіркелді.
Сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданатын болады.