Фото: inbusiness.kz
Елімізге бөлшектеліп әкелінген және құрастырылған автокөліктер заңдастырылады. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2014 жылы жол ережесі туралы заңға өзгерістер енгізілді. Сол жерде Қазақстанда ондай автокөліктердің жүруіне тыйым салынған. 2015 жылы Еуразия экономикалық одағы аясында да мұндай автокөліктер қозғалысына тыйым салынды. Бірақ Президенттің тапсырмасы болғасын оны заңдастырып береміз. Дегенмен оны ертең басқа біреуге сатуға тыйым саламыз», - деді министр Үкімет кулуарында.
Оның сөзінше, қазір мұндай санатқа жататын 1,5 мың көлік бар.
«Олардың бәрінің жол қауіпсіздігіне техникалық сертификатын қараймыз. Егер қауіпсіз болса, заңдастырып береміз», - деді Ахметжанов.
Айта кетейік, Қазақстанда 23 қаңтардан бастап шетелдік көліктерді заңдастыру басталды. 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстан азаматтары елге әкелген шетелдік жеңіл көліктерді, шағын және орта көлемді автобустарды, шағын жүк көліктерін, басқару жабдықтары оң жақта орналасқан көліктерді заңдастыра алады.