Астанадағы балаларды оңалту орталығына кондитерлік өнім жеткізген кәсіпорынға 350 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Нұр-Сұлтан қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті «University Medical Center» корпоративтік қорының Балаларды оңалту ұлттық орталығында кондитерлік өнімнен бөгде материал (тышқан) шыққанына байланысты аталған өнімді өндіруші мен жеткізушінің үстінен жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін хабарлайды.
Тексеру кезінде ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіру цехы тиісті орындарға өзінің қызметін бастағаны туралы хабарламастан қызметін жүзеге асырғандығы анықталды. Санитариялық қағида талаптарының, оның ішінде тамақ өнімдерін өндірудің технологиялық процесі бойынша бірқатар бұзушылықтар анықталды», - делінген департаменттің дерегінде.
Департамент мамандары анықтаған заңсыздықтар бойынша кәсіпкерлік нысан Әкімшілік құқық бұзу кодексіндегі 425-баптың 1-бөлігі бойынша 352 245 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды. Ал кәсіпорынның қызметін бастағаны туралы хабарламағаны туралы материалдар Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 463-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа жіберіліп, санитариялық нұсқама берілген.
«ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментіне өндірілетін өнімге сәйкестік туралы берілген декларацияның заңдылығын анықтау және оның күшін жою туралы мәселені қарау жөнінде хат жолданды.
Департамент бизнес субъектілеріне аутсорсингтік компаниялар мен тамақ өнімдерін жеткізушілерді таңдауда мұқият болуды ұсынады. Қажет болса, объектіге барып, оның дұрыс санитарлық жағдайына көз жеткізген жөн. Бұл болашақта осындай жағдайларды және тамақтан улану қаупін болдырмауға көмектеседі», - деп жазылған ресми ақпаратта.