ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың көлік, жер және мүлік салықтары бойынша өзгерістерге түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мемлекет басшысы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осы заңға сәйкес жеке тұлғалардың көлік, жер және мүлік салықтарын төлеу бөлігінде өзгерістер енгізілді», - делінген Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінде.
Жеке тұлғалардың салық міндеттемелерін дұрыс есептеу және көлік құралдарын иеленудің нақты мерзімінің өзгеруіне байланысты артық төлемнің пайда болуын болдырмау, көлік құралдарына қате төленген салықты қайтаруға байланысты әуре-сарсаңға салдырмау мақсатында жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салықты төлеу мерзімі есепті жылдан кейінгі жылдың I-тоқсанының соңына ауыстырылады.
Бұл норма тұрақты болып табылады. Заңда осы норманың 2020 жылдан бастап қолданылуы, яғни 2020 жылғы міндеттемелер бойынша 2021 жылы төлем жүргізу көзделген.
Сондай-ақ жеке тұлғалардың мүлік және жер салықтарын біріктіру ескерілген.
«Аталған салықтарды біріктіру салық элементтерін (салық салу объектісі, салық базасы, мөлшерлемелер, есептеу және төлеу тәртібі) өзгертпей жүзеге асады. Бұл жағдайда жер учаскелері мен мүлік бойынша салық қолданыстағы тәртіпке сәйкес жеке-жеке есептеледі. Бұл ретте салық төлеушіге төленуге тиіс сома бір бюджеттік сыныптама кодымен ұсынылады.
Осылайша, бұл норма жеке тұлғалар үшін төлеу тәртібін жеңілдетеді. Заңда бұл норманы 2020 жылдан бастап енгізу көзделген, яғни 2021 жылы 2020 жылғы міндеттемелер бойынша мүлік пен жерге біріктірілген салықты төлеу көзделіп отыр», - деп атап өтілген комитет хабарламасында.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің меншік иелері үшін жер салығын жою қарастырылған.
Көппәтерлі тұрғын үйлердегі пәтерлер орналасқан жер салығын төлеуден босату туралы норма әкімшілендірудің күрделі болуына және осы салықты есептеу мен жинауға жұмсалатын шығындардың өзін ақталмауына байланысты.
«Осылайша, кез келген салық салу, ең алдымен, «салық» түсімінің әкімшілік шығындардан едәуір жоғару болуы керек, салықтық әкімшілендіру арзан болуы керек деген қағидаға басшылыққа алынған. Заңда бұл норманы енгізу 2020 жылдан бастап көзделген, яғни 2020 жылы осы жер учаскелері үшін жер салығы төленбейтін болады. Бұл норма жеке тұлғалар үшін салық ауыртпашылығын жеңілдетуге бағытталған», - деп аталып өткен ведомство мәліметінде.