Еліміздің оңтүстік аймақтарына көмір жеткізудің кешігу себебі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл 9 айда көмірді тиеу өткен жылмен салыстырғанда 4% өсіп, 76,6 млн тоннаны құрады. Отандық тұтынушылар үшін 53,5 млн тонна көмір тасымалданды, бұл өткен жылдың 9 айымен салыстырған 2% көп. Оның ішінде 47,4 млн тонна көмір ЖЭО-ларға жеткізілсе, қалған 6,1 млн тоннасы тұрғындарға таратылды», - деді «Қазақстан темір жолы «Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының орынбасары Қанат Көбесов «Самұрық-Қазына» АҚ алаңында онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, ҚТЖ өкілі еліміздің кейбір аймақтарына көмір жеткізудің кешігу себебін атады.
«Алдымен көмірмен ЖЭО мен тұрғындар қажеттілігі өтеледі. Жоспардан сәл артта қалуымыздың себебі, еліміздің оңтүстік өңірлері көмірді жеткізуге енді өтінім бере бастауымен байланысты. Сол себептен жоспардан 10 пайызға қалып келеміз. Өйткені, оңтүстік өңірлерде салыстырмалы түрде ауа райы әлі де жылы. Ал солтүстік өңірлер коммуналдық-тұрмыстық көмірмен толық қамтамасыз етілген», - дейді ол.