27 қаз, 2021 сағат 15:59

Көмір өнеркәсібі саласына қысым жасалып отыр - Серікқали Брекешев


2015 жылдан бері салынып жатқан көмір электр стансаларының саны дүниежүзінде 84 пайызға азайған. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасы жаһандық температураның 2 градустан астам өсуіне жол бермеу жөніндегі Париж келісімінің температуралық мақсатына қол жеткізу жолындағы күш-жігерді жандандыру және амбицияларды арттыру жөніндегі жаһандық күн тәртібін толық қолдайды. «Global Carbon Atlas» платформасының 2019 жылғы мәліметіне сәйкес, Қазақстан көмірқышқыл газының шығарындылары бойынша 221 елдің ішінде 21-ші, жан басына шаққандағы шығарындылар бойынша 11-ші және ЖІӨ көміртек сыйымдылығы бойынша 5-ші орында. 2019 жылы ұлттық парниктік газ шығарындылары 364 миллион тоннадан астам болды»,- деді министр орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның атап өтуінше, климаттың өзгеруі және парниктік газдардың шығарындыларын азайту қажеттілігі ірі секторларды көміртексіздендіру арқылы әлемдік экономиканы дамыту бағытын трансформациялауға әкеледі. 

«Париж келісімінің мақсатына жету үшін көптеген елдер көміртегі бейтараптығы мақсаты жөнінде мәлімдеуде. Халықаралық қаржы институттары төмен көміртекті технологияларды дамытудың пайдасына көмірмен байланысты жобалардан толығымен бас тартты. Бұл көмір өнеркәсібі саласына қысым жасауға әкелуде. «CarbonTracker» талдау орталығының зерттеулеріне сәйкес, 2015 жылдан бері салынып жатқан көмір электр станцияларының саны дүниежүзінде 84 пайызға азайған»,- деді Серікқали Брекешев.