Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев
Бауыржан Момышұлы атындағы №5571 әскери бөлімде азаматтық борышын өтеу барысында комаға түскен қатардағы жауынгер Ербаян Мұхтардың ісі бойынша Инга Иманбай жәбірленуші тараптың қорғаушысы. Ол өзіне Ербаянның әке-шешесі хабарласып, «әскерилер белсенді түрде көмектесіп жатыр және олар Ербаянды шетелде емдету ақысын төлеп, көмектесуге дайын» деген жалған ақпарат тарап жатқанын айтып, бұл ақпаратқа сенбеуге шақырды.
«Ербаянды емдеген жарты жылда әскерилер тек 100 банка сұйық тамақ әкелді. Сонымен болды. Керісінше, әскерилер қажетті көмекті көрсетеміз, тек шу көтермеңдер деді, бірақ ешқандай көмек көрсетпеді. Дәрі-дәрмектер, памперстер, үйдегі дәрігерлерге ақы төлеу, жалпы, Ербаянға күтім жасаудың барлық шығындарын оның ата-анасы өз ақшалары мен адамдар берген қаражаттан төлеп келеді. Мемлекеттен де, әскерилерден де көмек болған жоқ», - деген И. Иманбай комадағы сарбазға алты ай ішінде мүгедектік берілмегенін айтып отыр.
Инга Иманбай тіпті күтім бойынша жәрдемақы да берілмегенін айтты.
«Ербаянның ата-анасы пәтердің ипотекасын төлейді, тек отағасы ғана жұмыс істейді. Олар тіпті ақша үнемдеу үшін кіші қызын балабақшаға да бермей отыр. Біз барлық ресми ақпаратты тек @erbayan2024 парақшасынан көруді сұраймыз, бәріміз осында жазамыз. Әкесінің айтуынша, қазір әскерилер байланысқа шығып, үйге массаж терапевтін шақыруға уәде берді. Олар сондай-ақ Германияда Ербаянды емдеуге көмектесуге уәде береді, бірақ кафедра студенттері операция жасайды деді. Ербаянның ата-анасы олардың көмегінен бас тартты», -дейді ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған дейін Инга Иманбай Ербаянның ауруханадан шығарылғанын айтқан. Қазір әлеуметтік желі арқылы Ербаян Мұхтардың еміне деп ақша жиналып жатыр. Сарбаздың анасы оны шетелде емдетуге ниетті.
Айта кетейік 21 тамызда ҚР ІІМ Ұлттық ұланның баспасөз қызметі сарбаздың денсаулығына қатысты ресми мәлімдеме жасады деген ақпарат шыққан. Онда қазіргі уақытта барлық қажетті сараптамалар тағайындалғаны, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқаны айтылған.
«Тергеу барысы ҚР ІІМ ӘТД басшылығының бақылауында. Қатардағы жауынгер Е.Мұхтардың ата-анасының талабы бойынша оңалту ем-шаралары аяқталғаннан кейін үйіне шығарылғанын хабарлаймыз. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу мекемесі ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери-медициналық басқармасымен бірлесіп оған мүгедектікті рәсімдеу бойынша көмек көрсетеді», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар хабарламада Бехтерев атындағы психиатрия және неврология ұлттық медициналық ғылыми орталығына, Киров әскери-медициналық академиясына және Ресей Федерациясының Поленов атындағы Ресей ғылыми-зерттеу нейрохирургиялық институтына, сондай-ақ кеңес беру және госпитализация мәселесін қарастыру үшін Түркия елшілігіне хат жолданғаны айтылған.
Қатардағы жауынгер Ербаян Мұхтардың бас жарақатын алу фактісі бойынша ҚР ҚК 440-бабы 4-тармағының 3-бөлігіне сай «Әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелерін бұза отырып, денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланып отыр.
Бұған дейін Бас әскери прокуратура да сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқанын мәлімдеген.
Ербаян Мұхтар былтыр мамырда мерзімді әскери қызметке алынған. Әскери бөлім оны 2023 жылы 4 желтоқсан күні түнде өз борышын атқарып жатқан бөлімінде дәретханадағы кафельге құлап, бас-миының ашық жарақатын алған деген.
Медициналық анықтама бойынша сарбаздың бас сүйегі жарылып, желке сүйегі сынған, ауыр ми жарақатын алған. Алайда Ербаян Мұхтардың анасы Гүлсім Қамиева «баласы өзі басын кафельге соғып алғаннан жарақат алды» дегенге сенбейтінін айтқан. Ол өз сөзінде ұлы бір рет комадан оянып, өзінің соққыға жығылғанын растаған, бірақ кейін дәрігерлер Гүлсім Қамиеваға айтпай Ербаянға ота жасап, миының жартысын алып тастаған.
Айта кетейік, Қазақстанда әскердегі әлімжеттікке қатысты бұған дейін де резонансты оқиғалар болған. Инга Иманбай ресми статистика бойынша жыл сайын ондаған қазақтың жас жігіттері әскерде не қаза табады, не соққыға жығылып жарымжан күйде үйіне қайтады деп отыр.
«2022 жылы 4 маусым күні президент Тоқаев арнайы мәлімдеме жасап, әскердегі әлімжеттікті, өлімді тоқтату керек деген тапсырма берді. Сол жылы 7 маусым күні Қорғаныс министрлігі тіпті арнайы бағдарлама қабылдады. Бірақ содан бері 2 жыл өтті. 2023-2024 жылдардағы статистика өзгерген жоқ. Әскерде қазақтың балалары соққыға жығылып өліп жатыр», - дейді құқыққорғаушы әлеуметтік желідегі парақшасында.