Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин ішкі нарықты қолма-қол шетел валютасымен қамтамасыз ету шараларын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қолма-қол шетел валютасына қатысты ішкі нарықтағы жағдай қалыпқа келтірілді. Халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін қолма-қол шетел валюталары жеткізілді. Екінші деңгейлі банктерде өтімді валюталық активтер көлемі жеткілікті», - деді Тутушкин Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, Ұлттық банк қолма-қол шетел валютасы нарығында алыпсатарлық әрекеттерді болдырмау үшін айырбас пунктері арқылы шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шектерін кеңейтті.
«Мемлекет басшысының ұлттық валютаның орнықтылығын қамтамасыз ету, капиталды әкетуге жол бермеу тапсырмасын орындау үшін трансшекаралық қаржы операцияларын бақылау шаралары күшейтілді. Қабылданған шараларға байланысты, ішкі валюта нарығындағы жағдай тұрақталып келеді. Қазіргі уақытта жағдай сұраныс пен ұсыныстың теңгерімде екенін көрсетеді. Шаралар кешені айырбас бағамына және кейіннен инфляцияға қысымды төмендетіп, теңгедегі активтерді қолдауға көмектеседі», - деді Виталий Тутушкин.