26 мам, 2022 сағат 12:21

Көліктің қосымша жабдықтарын қоса сатқан дилер айыппұл төлейді – агенттік


«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңда мәжбүрлі ассортиментпен тауарларды сатуға тыйым салынған және бұл ахуал тұтынушылар құқығын қорғау органдарының араласуына негіз болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Егер мұндай әрекеттер осы жабдықты жеткізуші басқа да нарық субъектілеріне залал келтірсе немесе залал келтіруі мүмкін болса, бұл монополияға қарсы заңнаманың бұзылуы болып саналады. Жеңілдетілген несиемен көлік алу барысында осындай құқызбұзушылық жасаған автодилер 200-ден 1500 АЕК-ке дейінгі, яғни 4 млн 770 мың теңгеге дейінгі сомада айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Немесе субъектіні нарықта үстем ретінде танығаны үшін монополиялық кірісі тәркіленіп, табысының (түсімнің) 3-тен 5 %-на дейінгі мөлшерінде айналым айыппұлына әкеп соғады», - деп жазды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінен. 

Монополияға қарсы орган автодилерлерге тұтынушыларға қосымша жабдықтарды қоса сату деректеріне жол бермеуді ескертеді. Қазіргі таңда жеңіл автомобильдерді бастапқы бөлшек саудада өткізу нарығын талдау шаралары басталып кетті.

Автомобильдерді сату кезінде қосымша жабдықтарды күштеп таңу фактілері орын алған жағдайда, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және монополияға қарсы органдарға жүгіну керек.