06 сәу, 2022 сағат 10:53

Көліктер қымбаттайтыны сөзсіз - "Астана Моторс"

Иллюстрациялық фото: elements.envato.com

Қазақстанда жаңа көліктер сөзсіз қымбаттайды. Ол BMW, Hyundai, Subaru, Jaguar, Land Rover, Volvo, MINI, Haval және Chery көліктеріне әсер етеді. Бұл туралы осы көлік маркаларын елімізге ресми түрде әкелетін "Астана Моторс" компаниясы берген жауапта айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Компанияның баспасөз қызметі мәліметінше, биылдың өзінде осы маркадағы көліктер бағасы орташа есеппен сегіз пайызға көтерілген. "Астана Моторс" компаниясы мәліметіне сүйенсек, бұған ақпан-наурыздағы валюта бағамының өзгеруі себеп болған.

"Hyundai автокөліктері бағасының өсуін бақылауда ұстай алдық. Бірақ құрамдас бөліктердің жаңа бағаммен жеткізілуі және логистикалық тарифтердің өзгеруіне байланысты сәуірдің басынан бері кейбір үлгілер бағасы өзгерді. Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытында құрастырылатын Hyundai көліктерінің бұрынғы бағасын сақтай алдық.

Алайда, бұл көліктер қымбаттайтыны сөзсіз. Өйткені біз бөлшектер, болат және логистика бағасына тәуелдіміз. Олардың жаңа жеткізілімдері жаңа бағамен келеді, сәйкесінше, бұл автомобиль құнына әсер етеді. Валюта бағамының ауытқуы, сондай-ақ болат, құрауыштар және логистиканың қымбаттауынан бөлек, автомобильдер құнына модельдер мен опциялар жиынтығының жаңартылуы әсер етуі мүмкін", - дейді "Астана Моторс" өкілдері.

Компания Ресейге қарсы санкциялар олардың жұмысына әсер етпегенін атап өтті. Бірақ "Астана Моторс" көліктердің 50 пайызына жуығын Ресей арқылы транзитпен әкеледі.

"Бүгінде автокөліктерді, құрауыштар және қосалқы бөлшектерді жеткізуде ешқандай өзгеріс жоқ. "Астана Моторс" құрамына кіретін компаниялар әдеттегідей жұмыс істейді. Клиенттердің күту уақыты жаңа көліктердің белгілі бір үлгілері мен маркаларына байланысты. Бірақ орташа алғанда компания салондарында автокөлік болса, өтініш бергеннен кейін екі ай күту керек", - деп қосты ұйымның баспасөз қызметі өкілдері.

Бүгінде "Астана Моторс" автосалондарында Chery маркалы көліктер, Hyundai және BMW көліктерінің кейбір үлгілері бар. Сондай-ақ, жақын күндері компания Haval автокөліктері жеткізілетінін айтты.

Кәсіпорын Қазақстандағы автосалондарға көліктерді Германия, Оңтүстік Корея, Жапония, Ресей және Қытайдан әкеледі. Сондай-ақ, осы елдерден Hyundai Trans Kazakhstan және коммерциялық көліктер шығаратын Hyundai Trans Almaty зауыттарына құрамдас бөлшектер жеткізіледі.