Алматыда ерегескен қарсыластарын көлікпен қасақана қаққан ағайындыларға қатысты сот үкімі шықты. Сот отырысы Алматы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Судья Жандос Әлікеевті – 4 жыл 8 айға, Дінмұхаммед Әлікеевті 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге салайық, 2019 жылдың 26 тамызында таңғы сағат 5-те Алматы қаласы Бостандық ауданы Гагарин көшесінде болған кикілжіңнен кейін бір тараптың өкілдері қарсыластарын автомобильмен қағып, қылмыс орнынан қашып кеткен. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тараған болатын.
Кейіннен полиция адамдарды қаққан көліктерді тауып, тәркіледі. Екі көлік айғақ ретінде ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабының 2-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іске тіркелді.
Содан кейін, күдіктілердің ағайынды екені анықталды. Олардың анасы ұлдарының мұндай қадамға өздерін қорғау үшін барғанын алға тартты.
Полиция 27 тамызда 1995 жылы туған Жандос Әлікеевті ұстады. Ал екінші күдікті 16 қыркүйек күні ұсталды. Ол Алматы облысының аумағында полициядан жасырынып жүрген.