Шымкентте үш жүргізуші бірден 6 бап бойынша жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы ПД қызметкерлері әлеуметтік желілерге бақылау жүргізу барысында мегаполис көшелерінің бірінде Toyota Camry 70 автокөлігінің жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, олардың бірі мылтықпен ауаға оқ атқан видеоны анықтады.
Бұл жазба жергілікті полиция қызметкерлері мен жедел бөлімшелер назарына іліккен. Нәтижесінде барлық құқықбұзушы ұсталды. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің үш бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырған: 203-бап "Сақтандыруды бұзу", 602-бап "Көлік құралдары жүргізушілерінің сыртқы жарық аспаптары мен дыбыстық сигналдарды пайдалану, авариялық дабылды қолдану қағидаларын бұзуы" және 603-бап "Көлік құралына арнайы жарық және дыбыстық сигналдарды беруге арналған құрылғыларды орнату қағидаларын бұзу".
"Үш Toyota Camry 70 көлігі айыптұраққа қойылды. Жинақталған материал әкімшілік сотқа жіберілді.
Полицейлер жүргізушілердің бірінен ПМ тапаншасын тәркіледі. Сондай-ақ ер адам бұрын дүкеннен тапанша сатып алғаны анықталды, бірақ ол полицияға тіркелмеген. Оған қатысты полицейлер қосымша бірнеше әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша, оның ішінде ҚР ӘҚБтК 436-бабы, 437-бабы "Тыныштықты бұзу" және 482-бабы "Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз сатып алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруі, тасымалдауы" бойынша іс жүргізді", - делінген хабарламада.