Елорда әкімі тағы да үлестік құрылыс нысандарының құрылыс алаңдарын тексеріп, олардың үлескерлерімен әңгімелесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, Алтай Көлгінов «Жағалау-3» ТК (А-Ж блоктары), Сығанақ көшесі, Қорғалжын тас жолының оңтүстігіне қарай орналасқан «Жағалау-4» ТК құрылысы орнында болды.
Сондай-ақ ол Тұран даңғылының батысына қарай Сығанақ көшесі (жобаланатын) бойында салынып жатқан «Шығыс» ТК мәселелерімен танысты. Бұл тұрғын үйлерде 1500-ден астам үлескер өз пәтерлерін күтуде.
Кездесу барысында олар құрылыстың созылуына қатысты наразылықтарын білдірді. Үлескерлермен әңгімелесе келе, әкім өз тарапынан әкімдік нысандарды тапсырудың бекітілген мерзімі орындалуы үшін барлық шараларды қолданатынын атап өтті. Сонымен қатар, ол құрылыс салушылар өз қаражатын үйлерге салған адамдардың сенімін ақтамағанын, олар ұзақ жылдар бойы құрылысы аяқталмаған, сондай-ақ көптеген кемшіліктер бар екенін атап өтті.
«Құрылысты салушылар үлескерлердің ақшасын пайдалана отырып, үй салу міндетін өз мойнына алды, бірақ адамдардың сенімін ақтамады. Мұндай теріс пиғылды адамдармен алдағы уақытта жұмыс істемейтін боламыз. Енді аталмыш мәселені өз күшімізбен жеткіземіз. Ең бастысы құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет қаражаты бөлінді. Құрылысты аяқтау және үлескерлердің ұзаққа созылған мәселелерін түпкілікті шешу процесін бақылауда ұстаймыз», - деді әкім.