18 жел, 2019 сағат 12:21

Көлгінов LRT құрылысы қаншалықты арзандағанын айтты

Елорданың LRT жобасы толық аяқталады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Президент тапсырмасына сәйкес, LRT құрылысы жобасын айтарлықтай оңтайландырдық. Өздеріңізде білесіздер, сын көп болды. Бастапқыда Қытайдың коммерциялық банкінен 20 жылға несие алынған. Осы уақыттың ішінде артық төлем 800 млн доллар болар еді. Біз одан бас тарттық және ішкі займға ауыстық», - деді қала басшысы.

Оның атап өтуінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде шығындарды үнемдеу шамамен 1,2 млрд долларды құрайды. Оның ішінде: несиеге қызмет көрсету бойынша үнемдеу 800 миллион доллардан асады, құрылыс-монтаж жұмыстарына үнемдеу 350 миллион доллар болады.

«Қазір жоспардан 7 стансаға кем. Бұл да қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Жылжымалы құрамға қатысты айтар болсам, бастапқыда жобада қозғалыс аралығы 3 минут болуы тиіс еді. Біз тұрғындар санын және жүктеменің қандай болатындығын ескердік. Мамандармен есептеп, бастапқы кезеңде 10 минут жеткілікті деп шештік. Одан кейін жиірек бола бастайды. Жер асты өткелдердің де санын қысқартып, нәтижесінде 350 млн теңге қаражат үнемдедік. Жалпы үнем көлемі шамамен 1,2 млрд долларды құрайды. Көріп отырғандарыңыздай, жоба біршама арзандады. Толықтай алғанда LRT-ны салып бітіру міндеті тұр. Себебі көптеген дүние жасалып, инфрақұрылым тартылып қойылған», - деді Алтай Көлгінов.