Елорда әкімі Алтай Көлгінов Қараөткел (Ильинка) кентінде орналасқан Ұлттық ұланның әскери бөліміне барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдікке сілтеме жасап.
Әскери бөлім аумағында әскери қызметшілердің отбасыларына арналған 104 пәтерлік тұрғын үй салынған. Мұнда жалпы 350-ден астам адам тұрады. Қалашықтың аумағы 20 гектарды құрайды.
Кездесу барысында тұрғындар көше жарықтары, дәріханалар мен жаяу жүргіншілер өтпелері жоқтығын, сондай-ақ қоғамдық көлікпен проблемалар барын жеткізді.
Бұдан бөлек, көптеген отбасында балалар өсіп келеді. Ал мектепте орын жеткіліксіз.
«Келесі жылға жоспарлау үшін жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау қажет. Айтқан ұсыныстарыңыз ескерілетін болады. Мәселелерді жан-жақты зерттейміз», - деді А. Көлгінов.
Әскери бөлімнің аумағында үш казарма, штаб ғимараты, күрес және жаттығу залдары бар екі қабатты спорт кешені, екі асхана, ойын-спорттық алаңдар, мультимедиялық ату тирі орналасқан. Сондай-ақ лазарет, кинологиялық қалашық және мәдени-сауық орталығы бар.