ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «көлеңкелі» экономика деңгейін төмендету жұмыстары жайында баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бюджет процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында халықаралық әріптестермен жұмыстар жүргізілуде. 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға
58 балл берілді. Біз әлемнің 117 елінің арасында 37-орындамыз. Бұл, ең алдымен, министрлік сайтын кеңейту және пайдаланушылар үшін жағдайды жақсарту арқасында мүмкін болды. Сайтта ақпараттар, есептер, талдау, бюджет бойынша шолулар орналастырылады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттің ашықтығы индексінде біз кемінде 59 балл жинауды жоспарлап отырмыз», - деді Е. Жамаубаев Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде.
Сонымен қатар ол салықтық-кедендік әкімшілендіруді цифрландыру және «көлеңкелі» экономика деңгейін төмендету бағытына тоқталды.
«Біздің басым міндетіміз - көлеңкелі экономиканы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне дейін төмендету. Оған қарсы іс-қимыл жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жоспар аясында қабылданған шаралар оның деңгейін жалпы ішкі өнімге 23,6 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Қазір экономиканың барлық салалары мен жүйелері бойынша жоспарды жаңарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді Е. Жамаубаев.
Оның айтуынша, бюджетті тұрақты кіріс көздерімен қамтамасыз ету жөніндегі міндетті шешуді министрлік салықтық-кедендік әкімшілендіруді одан әрі цифрландыру есебінен іске асырып келеді.
«Тек соңғы 3 жылдың өзінде жоғарыда аталған шаралар бюджетке 2 триллион теңгеден астам, оның ішінде 2020 жылы 710 млрд теңге қосымша түсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Өздеріңіз білетіндей, «көлеңкелі» экономика көлемін қысқарту үшін 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі енгізілді. Осыған байланысты кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр», - деді ведомство басшысы.