Көлеңкелі экономика негізінен сауда саласында. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Баспасөз мәслихатында елімізде бизнестің дамуына қатысты сұрақ қойылды.
«Қазір барлық кәсіпкерлердің ахуалы коронавирус індетіне байланысты болып отыр. Әрине, мораторий (тексеруге қатысты) жарияланғаны өте орынды болды. Өйткені, кәсіпкерлердің көбісі қазіргі жағдайда салық түгілі еңбекақы төлей алмай, кәсіпкерлігін жүргізе алмайтын жағдайға тап болды. Әсіресе, қызмет көрсету саласында байқалады. Кеше ғана статистканы қарап шықтым, кинотеатрлар мен кинопарктер өткен жылға қарағанда 50 пайыз шамасында төмендеп отыр. Сонымен қатар, сауда орталықтарындағы аттракциондар бойынша осындай жағдай, яғни табыстары төмендеді», - деді А. Мырзахметов.
Осы орайда ол салықтан босату және тексеруге мораторий шаралары коронавирус індетінен келген ахуалды жеңілдетуге ықпал еткенін жеткізді.
Мұнымен қоса басқарма төрағасы «көлеңкелі бизнес» мәселесіне тоқталды.
«Әртүрлі сараптаулар жарияланды, орта есеппен 20-30 пайыз көлеңкелі экономика деп айтуға болады. Бұның барлығы негізінен сауда саласына тиесілі. Олар 10-15 жыл бойы тіркеуде болмаған. Көлеңкелі экономиканың барлық себептері белгілі, сондықтан Үкімет тарапынан онымен күресте үлкен жоспар бар», - деді Абылай Мырзахметов.
«Көлеңкелі нарықта «базар экономикасы» қамтылған. Бір жағынан тұтынушыға базардағы тауардың құны арзан сияқты көрінеді. Салық төленбегеннен кейін тауардың құны арзан болатыны түсінікті. Ал түптен келгенде, Үкіметке де, тұтынушыға да үлкен зиянын тигізеді. Себебі бұл тауарлар сертификаттан өтпейді, яғни сапасына қатысты күмән бар», - деді ол.