Іле Алатауы Ұлттық паркі аумағындағы 5 жер учаскесі жалға беру үшін тендерге қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кеше тендерлік комиссия конвертті ашты. Енді тендерлік комиссия 15 күн ішінде бұл құжаттарды қарап, жер учаскелерін қысқа және ұзақ мерзімге жалға беру туралы шешім шығарады. Қазақстан заңнамасына сәйкес жерді ең азы - 5 жылға, ең көбі 49 жылға жалға беруге болады. Тендер құжаттамасында көрсетілгендей, бұл жерде әңгіме 49 жылға жалға беру туралы болып отыр.
«Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау туралы заңның 46-бабының 3-тармағына сәйкес туристік және рекреациялық қызметтерді жүзеге асыру мемлекеттік табиғи паркінің инфрақұрылымын дамыту туралы бас жоспарына сәйкес орындалады. Ұлттық парктің бас жоспары 2019 жылдың 3 қаңтарында уәкілетті орган - ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі, Орман шаруашылығы жануарлар дүниесі комитетінің №17-5-6/1 бұйрығымен бекітілді. Бас жоспар негізінде жер учаскелерін қысқа және ұзақ мерзімге жалға беру орам, телім бойынша көрсетіледі. Болашақта осы жерлерді қысқа және ұзақ мерзімге жалға беруге болады деп бекітілген. Бас жоспарда туризмді дамыту мақсатында 126 учаскені - ұзақ мерзімге, 66 учаскені қысқа мерзімге жалға беру жоспарланған. Біздің парк уәкілетті органға тендер өткізуге рұқсат беру туралы хат жазды. 2019 жылы 26 ақпанда уәкілетті орган осы учаскелерге тендер өткізу туралы рұқсат берді. Бір ай бұрын парк басшылығы басылым беттерінде тендер туралы ресми түрде жариялады», - деді Іле Алатауы Ұлттық паркі директорының орынбасары Дархан Исабеков.
Парктің бас директорының бұйрығымен Көкжайлау жобасына сәйкес 134,4 га жер бойынша 4 лотқа комиссия жүргізілді. Тендерге тек бір ғана заңды тұлға - қалалық туризм басқармасы ғана қатысты. Бірінші кезеңде тендерлік комиссия тендер құжаттарының заңдылығын тексерді.
Тендер нәтижесі 15 күннен соң белгілі болады. Комиссия өзінің қорытындысын шығарады. Тендер сәтті өткен соң да құрылыс бірден басталмайды.
«Бір жылдан соң ғана жобалық-сметалық құжаттама жасалады. Сосын барып ол уәкілетті органнан өтеді. Бұл құжаттар Сәулет басқармасынан, экологиялық, мемлекеттік сараптамадан өтеді. Біз ұлттық парк уәкілетті органмен біріге отырып, рұқсат береміз. Олар 3 жыл ішінде нысанды салып бітуі керек», - деді Дархан Исабеков.
Оның айтуынша, қазір парктің туристік потенциалын арттыруға көмек қажет. Парктің дамуына мемлекет ешқандай қаражат бөлмейді. Ал салынатын нысаннан табиғатқа көп нұқсан келмейді.
«Егер ол жерде Қызыл кітап өсімдіктері өсетін болса, ресурстық тексеру жүргізіледі. Бәрі заңға сай жасалады. Ондай ағашты кесу үшін де үкімет қаулысы керек. Қаулы шыққан соң ғана ағашты кесе алады. Жобаның арқасында Көкжайлауға кіретін жол жасалады. Мұның алдында 6 метрге кеңейтіледі деген еді. Енді олай емес, тек шұңқырлары жөнделеді», - деді Д.Исабеков.