26 шіл, 2016 сағат 16:34

Қоқыс жәшiгiндегi ұлттық сана

Алматы қаласының әкiмдiгi қала тұрғындарын тұрмыстық деңгейден бастап ұлттық рухта тәрбие­леудi қолға алмақ. Қала билiгi мұндай жоғарғы материялы мақсат­қа жетуге 170 миллион теңгеден астам қаржы жұмсамақ.

Қала билiгi Алматыда қоқыс салатын жә­шiктердiң тапшылығына алаңдаулы. Соңғы кездерi қаланы басқан топан суға бiр жағынан арықтар мен көшелерде шашылған тұрмыстық қалдықтар кiнәлi екен. Шенеунiктер бұған санасы төмен тұрғындарды кiнәлайды. Мұндай жандар қоқысқа арналған темiр жәiшiктердi ұрлап, кесiп әкетедi дейдi. Алып кете алмағандарын басбұзарлар майыстырып, жарамсыз еткен. Мысалы осыдан 8 жыл бұрын қала сая­бақтарына 16 мың су жаңа қоқыс жәшiгi орнатылса, қазiр кетеуi кеткен жәшiктердiң саны таздың тарағындай ғана қалған. Алматының арықтарына жасырылған арматура кесiндiлерi мен жанғыш шөлмектердi иiсшiл иттей таба қоятын полицейлер күнi бүгiнге дейiн қоқыс жәшiгiн түбiмен кесiп әкеткен бiрде бiр ұрыны, бүлдiрген бұзақыны ұстай алмапты.

Әкiмдiк өкiлдерi жағдайды дұрыстауға уәде беруде. Ендi Алматының көшелерi мен саябақтарында 8 700 жаңа қоқыс жәшiгi орнатылмақ.Жаңа қоқыс жәшiктерi кесiп те, тесiп те ала алмайтындай берiк болмақ. Әрқайсысы 20 мың теңгедей тұратын мұндай жәшiк қала қазынасынан 170 млн теңгеден астам қаржыны қағады. Қымбат екен дейсiз бе? Есесiне әр қоқыс жәшiгiне ұлттық ою-өрнек салынады! Ендi әрқайсымыз шенеунiктердiң ойынша, қоқысты жоғары ұлттық сана-сезiммен тастап қана қоймай, сол жерде ақ ұлттық өнер жәдi­герлерiн тамашалай аламыз. Бәлкiм, ұлт­тық болмыстың исi мұрнына бармайтын вандалдар қоқыс жәшiгiнен рухани азық табар? Яғни, жұмысына шығармашылық талап тұрғысынан қарайтын шенеунiктердiң нәзiк жаны бұзақыларды қазақтың “арқармүйiзi” мен “қошқармүйiзi” тоқтата алады деп санаса керек.

Әлеуметтiк желiде шенеунiктердiң бұл бастамасы үлкен наразылық тудырды. Бiрi қоқыс, темекi тұқылы мен сыра шөлмегiн тастайтын жәшiктiң сыртына ұлттық ою-өрнектiң орнына, ұлттық намысты аяқасты ететiн бастаманың авторларының аты-жөндерiн жазып қоюды ұсынса, екiншiлерi жол жиектерi мен сәндiкке төселетiн тастарға да ұлттық ою салсын деп кекетуде. Осыншама ақшаға қоқыс жәшiгiн орнатқанша, қала орталығында қысылғанда емге таппайтын әжетхана неге салмайды деп кейiгендер де бар.

 Бiздiңше, мәселе қала билiгiнiң сонша ақшаны қоқысқа салғанында емес. Саясаттың исi мұрнына бармайтындардан айырмашылығы, шенеунiктер Ақордадан ескен желдiң қалай соғарын жақсы сезедi. Қала деңгейiнен ел көлемiне көтерiлсек, бүкiл Қазақстанның өзi сырты көк тумен қапталған үлкен қоқыс жәшiгi iспеттi. Жаһандық деңгейде ойлау жағынан жан баласы жанына маңайлай алмайтын Қазақстан президентi Н.Назарбаевтың бастамасымен адамзат баласын ядролық вандалдардан қорғау үшiн әлемдегi ядролық қалдықтарды елiмiзге көмдiремiз. Есесiне, ядролық “қоқыстың” үстiнде отырған елге ешкiм жүрегi дауалап басып кiре алмайды.

Ядролық қарудан бас тартсақ та, соғыссыз ақ, ядролық отын қалдығымен жауларымызды үркiтетiн қауқарымыз бар. Әлемдегi бейбiтшiлiк үшiн аянбай тер төгiп келе жатқан стра­тегтiң бұл саясатын Нобель сыйлығына лайық емес деп қалай айта аласың?

 Улы гептилмен ұшатын “Протон” қалдықтарын қай­да тастауды бiлмей отырсыз ба? Құдай ау, босаған сыраның шөлмегi секiлдi қазақтың далиған даласына лақтыра салыңыз. Есе­сiне зымыран қалдықтары құлайтын 63 мың гектар алқапты әлемдегi ең үлкен қоқыс жәшiгi есебiнде рекордтар кiтабына тiркеуге болады. Бұл Ресей полигон, былайша айтқанда қоқыс жәшiгi есебiнде қолданып келген қазақтың 1,7 млн гектар жерiмен салыстыр­ғанда темекiнiң күлiн сал­ғыш сияқты ғана әншейiн көлем ғой. Және көршiмiз қоқысын құр тастамайды. Еуразиялық экономикалық одақтағы әрiптесiмiз дағдарыстан дағдарған әлем­де­гi Назарбаевтың саясатындай тұрақты валюта – доллармен есептеспек. Ал ол ақшаны ұлттық сана-се­зiмiмiздi, рухымызды кө­теретiн дүниелерге жұм­саймыз. Мәселен, елiмiз­дегi ең басты Мемлекеттiк байрақ пен тутұғыр көлемi жағынан түркiмен, иордан және солтүстiк кореялық жалаулардан кейiнгi төр­тiншi орында тұрғанын бiлесiз бе? Осындай әлем­нiң маңдайалды елдерiнiң туларымен бiздiң көк байрағымыздың жағаласа жел­бiреп тұрғаны қандай ғанибет. Ал мұндай құр­метке тегiн ие болмаймыз ғой. 111 метр биiктiкте жел­бiреп тұрған Мемлекеттiк ту мен тутұғырдың күтiмiне биыл 38,78 млн теңге жұмсалады. Ұлттық рухтың салмағын сiз бен бiз се­кiлдi салық төлеушi кө­теруi­мiз керек. Мұны оқып отырып, алдымен шенеу­нiктердiң басын қоқыстан тазарту керек дерсiз. Ке­лiсемiн, бiрақ ол да бiз үшiн тым қымбатқа түсiп кете ме деген қауiп қылтияды.

Жылдар өте Алматыда орнатылатын ұлт­тық нақыштағы қоқыс жәшiгi билiктiң қазақ халқына деген қарым-қатынасының сюр­реа­листiк ескерт­кiшiне айналуы мүмкiн. Бiрақ оған дейiн осындай жәшiктердiң қасынан өткен сайын қоқыс деңгейiне түскен ұлт­тық болмысымыз туралы ойлануға мiндет­тiмiз. Шенеунiк­тердiң де бар iзгi мақсаты сiз бен бiздi ұлттық санаға бiртабан жақындату емес пе?

Әдiл ҰЗАҚБАЙ,

"Жас Алаш" газеті