Алматыда Көктөбе бөктерінде тұтанған өрт сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өрттің жеке секторға ауысуының алдын алдық. Тікұшақтар қайтарылды. Суды лақтыру жұмыстары 12 рет орындалды. Судың жалпы көлемі 36 текше метр. Бұл - осындай жалындарды ауыздықтауда шешуші құрал болып табылады. От толығымен сөндірілді. Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамы кезекшілік атқару үшін оқиға орнында қалды», - деп жазды Facebook-те Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Серік Әубәкіров.
ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметовтың мәліметінше, далалы алқаптағы өрт сағат 19.58-де толығымен өшірілді.
Көктөбедегі төтенше жағдайды жоюға екі тікұшақ жұмылдырылған болатын. Сондай-ақ оқиға орнында ТЖД-ның 42 адамы мен 9 техникасы, «Алматы Тазалық» МКК-ның – екі және Алматы қалалық Құтқару қызметінің бір суару техникасы жұмыс істеді.