18 қыр, 2017 сағат 13:13

«Көктал» полигонында әуеден мыңдаған парақша тасталды

«Қаратау - 2017» оқу-жаттығуының кезекті кезеңі өтуде, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Жарақтандыруында броньды танкті техникасы мен артиллериялық жүйелері бар десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелері қарсыластық танытқан «содырларды» оқшаулау мен жою үшін дағдарыс ауданына бет алды.


«Қаратау - 2017»  жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы өзінің белсенді фазасына енді. «Көктал» полигонында барлау, десанттық-шабуылдау, материалдық-техникалық қамтамасыз етудің артиллериялық бөлімдері мен бөлімшелерін қамтитын десанттық-шабуылдау әскерлерінің күштері мен құралдары шоғырланды.  Оқу-жаттығудың ниеті бойынша командирлерге заңсыз қарулы құралымдарды табу, оқшаулау мен жоюға бағытталған оқу-жауынгерлік тапсырмалар берілді.


Дағдарыс ауданында ақпараттық қарсы күрес бөлімшелері ондағы шартты қарсыласты үкімет тарапына көшуге үгіт-насихаттау жөнінде жұмыс жүргізуде. Жұмыс армиялық авиацияны пайдалана отырып, парақшаларды лақтыру әдісімен жүзеге асырылады. 10 мыңнан аса парақша  30 шаршы метр аумақта таратылды.

Операция бейтаныс және күрделі жағдайларда өтуде.  Әскери қызметшілер жауынгерлік және арнайы техникада шөлейт және таулы жерлерді еңсеріп, аңғар арқылы өтпеден өтіп, шартты қарсыласты оқшаулауға мүмкіндік беретін бекіністерге жайғасты.


Бүгінде Десанттық-шабуылдау әскерлері бейтаныс жерлер мен жағдайларда әртүрлі сипаттағы оларға жүктелген тапсырмаларды тиімді шешуге мүмкіндік беретін қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерімен жабдықталған, - деп Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы  генерал-майор Алмаз Жұмакеев атап өтті.