Ақмола облысының бишілері Павлодардағы байқауда бірнеше жүлдеге ие болды.
Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің «Жарқын» халықтық би ансамблі Павлодар қаласында өткен «Қазақстан раушандары» хореографиялық өнерінің Х-шы халықаралық фестиваль-байқауына қатысып, «Халық биі» және «Стильденген халық биі» аталымдарында жүлделі 1-ші дәрежелі лауреат атанды. Байқауға Ресей мен Қазақстаннан 40 ұжым қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Сонымен қатар, «Раушан туралы би» аталымы бойынша ансамбль жетекшісі Әсел Көбиген «Жоғары кәсіби ұжым» арнайы дипломымен марапатталды. Ал, ансамбльдің қоюшы-балетмейстері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Гүлмира Ордабаева гала-концерттің сәніне айналған «Қоштасу» хореографиялық қойылымы үшін фестиваль-байқаудың қазылар алқасының Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ, ансамбль ұжымы фестиваль-байқаудың арнайы сыйлығы, Санкт-Петербург қаласында өтетін «Розы России» халықаралық хореографиялық өнер фестиваль-байқауына қатысу сертификаты мен «Розы Болгарии» халықаралық шығармашылық жобасына қатысуға мүмкіндік беретін арнайы шақыруға ие болды.
«Жарқын» ансамблі байқауда көрсеткен жоғары кәсіби шеберлігі үшін халықаралық шығармашылық жобаның бас директоры Валентин Стойчевтің ақшалай сыйлығымен де марапатталды.