11 мау, 2019 сағат 12:08

Көкшетаулық студент сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді қосымша ойлап тапты

Ақмола облысында білім беру мекемелерінде адалдық елшілерін сайлауға арналған алғашқы мобильді қосымша таныстырылды. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жоба студенттер үшін тиімді болмақ.

«Ambassadors of Integrity» мобильді қосымшасын Көкшетау Жоғары колледжінің студенті Максим Соколовский жасап шыққан.

Арнайы ұйымдастырылған брифингте Максим жасаған ұялы қосымшаны жоба жетекшісі, Көкшетау қаласы Жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Әсет Әбдіғапаров таныстырды.

«Максим Соколовскийдің бірегей жобасын көпшілік назарына ұсынып отырмыз. Өткен жылы біздің колледж облыстағы жалғыз IT-орталық ретінде цифрлық сауаттылықты тереңдетуге бағытталған өз жұмыстарын бастады. Осы жылдың наурыз айынан бастап мобильдік қосымшаларды дамытуға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл бағдарлама білім беру мекемелерінде адалдық елшілерін сайлаудың ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ студенттердің жатақханалардағы жай-күйін анықтауға мүмкіндік береді», - дейді Әсет Әбдіғапаров.

Брифингте «Ақмола - адалдық алаңы» жобасының мүшесі Ерлаз Жайықбаев қосымшаның пайда болу тарихы мен тиімді тұстары туралы айтып өтті.

Оның айтуынша, оқу орындарында парасаттылық принціптері мен адалдық ұстанымдарына ішкі бақылау жүргізу мақсатында «Адалдық елшісі - Ambassador of Integrity» институтын құру туралы ұсыныс жасалған.

«Адалдық елшісі» институтын енгізу барысында елшілерді сайлау тәртібінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселесі туындады. Сондықтан, «Ақмола - адалдық алаңы» жобалық офисі арнайы мобильді қосымша жасау бастамасын көтерді», - деп атап өтті Ерлаз Жайықбаев.

Қазіргі таңда білім беру мекемелерінің қолдауы нәтижесінде, облыстағы 33 колледжде адалдық елшілері бөлімі ашылып үлгерді. Студенттер арасында адалдық елшілерін таңдаудағы басты мақсат - студенттік ортадағы академиялық адалдық пен тұтастық принциптерін ұстану идеясын жүзеге асыру.

Мобильді қосымша қазіргі уақытта түзетулер мен толықтырулар кезеңінде тұр. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдегі нұсқасы әзірленуде. Жаңа оқу кезеңі басталғанға дейін ресми түрде іске қосылады деп жоспарланған.