ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Ақмола облысына жұмыс сапары аясында бірқатар маңызды өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралап, өңірдің денсаулық сақтау саласының даму барысымен танысты, "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Үкімет №2 «Көкшетау Жылу» МКК аудандық қазандығының жұмысын тексерді. Өндірістік қуаты шамамен 300 Гкал/сағ қазандық 1998 жылы пайдалануға берілген.
Премьер-Министр жылыту маусымында Көкшетаудың жылу көздерінде технологиялық бұзушылықтар тіркелгенін атап өтті. Сондай-ақ ауыз судың сапасы бойынша да проблемалар болды.
«Жылумен қамтамасыз ету – Көкшетау қаласы үшін маңызды мәселелердің бірі. ЖЭО құрылысы бойынша инвестициялық жобаны белсенді түрде ілгерілетіп, конкурстық рәсімдер өткізіп, инвесторды және қаржыландыру моделін айқындау қажет. Жобаны жүзеге асыруға көп уақыт кетеді, сондықтан облыс алдында қаладағы жылу көздеріне сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізу міндеті тұр», — деді Әлихан Смайылов.
Энергетика министрлігіне әкімдікпен бірлесіп, әлеуметтік мазут сатып алу мәселесін пысықтау тапсырылды.
Сондай-ақ Үкімет басшысы облыс орталығындағы су тазарту қондырғыларын реконструкциялау жобасының 13 жылдан аса іске асырылып жатқанына назар аударды. Осы орайда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Қаржы министрлігімен және облыс әкімдігімен бірлесіп, жұмыстарды аяқтау үшін бюджеттен қаражат бөлу мүмкіндігін пысықтау тапсырылды.
Сонымен қатар Премьер-Министр жұмыс сапары аясында «Viamedis» ЖШС жаңа клиникалық-оңалту орталығында болды. Орталық базасында бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын емхана, стационарлық оңалту бөлімшесі, күндізгі, хирургиялық және терапиялық стационарлар жұмыс істейді.
Әлихан Смайылов өңірдің денсаулық сақтау саласының дамуы туралы баяндаманы тыңдады. Облыстағы жалпы өлім-жітім 10,3%-ға артқан. Ана өлімі, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім бойынша да жағдай осындай.
«Әкімдік осы проблемаларды шешуге баса назар аударуы керек, сондай-ақ денсаулық сақтау саласына жас кадрларды тарту жұмысын күшейтуі қажет», — деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр жұмыс сапары барысында әртүрлі полипропилен ыдысын шығаратын «Новопэк» ЖШС фабрикасына да барды. Кәсіпорын заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өндіріс технологиясы бойынша фабрика әлемдік стандарттардың барлық талаптарына сай және полипропилен ыдыстарын шығару бойынша БҰҰ сертификатын алған. Компанияның өнімдеріне ішкі нарықта, сондай-ақ Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясы елдерінде сұраныс бар. Алдағы уақытта ТМД-ның басқа мемлекеттерінде нарыққа шығу жоспарланып отыр.
Әлихан Смайылов Үкіметтің экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейту және күрделендіру, сондай-ақ отандық өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып жатқанын жеткізді.
Одан әрі Әлихан Смайылов «Гормолзавод» ЖШС көптеген сүт өнімдерін дайындау, қайта өңдеу және сату жөніндегі қызметімен танысты.
«Ақмола облысында негізінен тамақ өнімдерінің өндірісі жақсы дамыған. Өңірдің жеткілікті мөлшерде мал азығын дайындау мүмкіндігін ескере отырып, сүтті мал шаруашылығын, соның ішінде сүт өңдеу саласын белсенді дамытуға болады», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов Үкімет ішкі нарықта отандық өндірушілерді ынталандыра отырып, сүт өнімдері импортының көлемін мақсатты түрде қысқартуға басымдық беріп отырғанын айтты.
«Бұл үшін селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты субсидиялау және сүт өндірісінің құнын арзандату бойынша мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары сақталған. Облыс әкімдігі салалық министрлікпен бірлесіп, облыстағы сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесіне ерекше назар аударуы қажет», — деп тапсырды Премьер-Министр.