Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен «Тәуелсіздік-жастар жүрегінде» жас ақын-жазушылар форумы өтті.
Форумға мектеп оқушылары, студенттер, ақындар, айтыскерлер, жазушылар, білім саласының қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері мен арнайы қонақтар қатысты. Жиынға жалпы саны 100-ден астам адам жиналды. Құдайберлі Мырзабек, Қорғанбек Аманжолов, Серікзат Дүйсенғазы, Жарқын Жұпархан сынды зиялы қауым өкілдері баяндама жасады.
Сонымен қатар, өңірдің жас ақын-жазушылары қазіргі таңда осы салада түйінін таппай отырған мәселелерді көтеріп, өзара пікір алмасты.
Форум барасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде шығармашыл жастарды қолдау бойынша іс-шаралар ұйымдастыру» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында, Көкшетау қаласының 195 жылдығына арналған жас ақындар арасындағы облыстық авторлық өлең-жобалары байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Байқауға 20-ға жуық жас ақын-жазушылардың жобалары қатысып, қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталды.
Атап айтсақ, 3 орын Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Нұрахмет Ерденге бұйырды. Ал 2 орынға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Дамир Рүстемұлы ие болды. Байқау жеңімпазы болып Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Думан Саматұлы лайық деп табылды.
Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.