Волонтерлер жылы Көкшетауда волонтерлер орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық қаладағы волонтерлер мен «Феникс» және «Лидер КЗ» волонтерлік қозғалыс өкілдерінің басын біріктіреді.
Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Азаматтық қорғаныстың көпбейінді жоғары колледжі және «Арна» Көкшетаудың жоғары колледжі арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің волонтерлері тарихи-мәдени мұраны сақтауға, өңірлік, аймақаралық, республикалық мәдени-бұқаралық шараларды ұйымдастыруға атсалыспақ.
Ағымдағы жыл мерейтойларға толы жыл, сондай-ақ, облыс орталығында 1,5 мыңнан астам адамның қатысуымен Қазақстан және Ресейдің әріптестік жөніндегі аймақаралық форумы өтеді.
Азаматтық қорғаныстың көпбейінді жоғары колледжінің 4 курс студенті Валерия Гарбуз волонтерлік қызметі туралы айтты.
«Бәрі колледждің волонтер тобына қосылуынан басталды. Алдымен біз қарияларға көмектестік. Қар тазалап, үйлердің ауласын жинадық. Өткен жылы колледжден қаражат жинап, жалғызбасты қарияларға азық-түлік сатып әпердік», - деді волонтер Валерия Гарбуз.
Қазіргі кезде, ол көрші тұратын 93 жастағы қарияны өз қамқорлығына алыпты.