04 жел, 2019 сағат 09:38

Көкшетауда «Тәуелсіз елімді жырлаймын» атты ақындар мүшәйрасы өтті

Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналған «Тәуелсіз елімді жырлаймын» атты ақындар мүшәйрасы өтті. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасы хабарлады.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру, сондай-ақ «Ақмола – адалдық алаңы» жобасы шеңберінде Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған мүшәйраның мақсаты - жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, парасаттылық, адалдық қағидаларын қалыптастыру, ұлттық рухани мұраны насихаттау.

Байқауға 16-29 жас аралығындағы 26 талантты ақындар мен орындаушылар қатысты. Жас ақындар Петропавл, Семей, Нұр-Сұлтан, Степногорск және Көкшетау қалаларын таныстырды.

Қазылар алқасының құрамында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Серік Жетпісқалиев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы филиология ғылымдарының кандидаты, доцент Сәбит Жәмбек, ақын Қуаныш Оспан, Ақмола өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайрат Сейтқазин, Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеті тарих пәнінің оқытушысы Талапкер Уәлиев болды.

Іс-шараға Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Арман Бердалин қатысып, ақындар қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Белгілі болғандай, сыбайлас жемқорлық қазіргі заманның өткір мәселелерінің бірі болып табылады, сондықтан адалдық, адамгершілік, сатылмаушылық сияқты құндылықтарды насихаттау арқылы ақындар жоғары мәдениетті және патриоттық сана сезімдегі өскелең ұрпақты қалыптастыруға ерекше үлес қосады.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері Оралбек Нүріш жеңіп алды. Бірінші орынды Орталық Қазақстан Академиясының студенті Асемгүл Серікбол, екінші орынды - Нұр-Сұлтан қаласынан Абылай Мәулен мен Петропавл қаласынан Абылайхан Әшімхан және үшінші орынды Семей қаласынан Еламан Оспан және Көкен Шәкейұлы атындағы ақындар мектебінің шәкірті Ұғылан Қарашаш иеленді. Жеңімпаздар алғыс хат және естелік сыйлықпен марапатталды.