Көкшетауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 1 186 жоба мен 2 мыңнан астам іс-шара өткен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Амангелді Смайылов айтты.
Брифингте айтылғандай қала әкімі алдымен ұлттық құндылықтарымызды ескеріп, танымдық жағынан білуімізге үлкен жол ашқан Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығына тоқталды. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға көкшетаулықтар да бір кісідей атсалып отырғандығы айтылды.
«Бағдарлама қолға алынғаннан бері облыс орталығында 186 жоба мен 2 мыңнан астам шара жүзеге асырылған. Соның ішінде Көкшетау қаласының 195 жылдығын атап өту шеңберінде «Құрақ көрпе fest» және көркемөнер шеберлерінің «Көкшетау жұлдыздары» қалалық байқауы, «Бизнес балалармен бірге, бизнес балалар үшін» стартап жобаларының байқауы, «Құлагер» ұлттық және халықтық спорт түрлерінен облыстық спартакиада ұйымдастырылғанын атап өтуге болады. Жастар жылы шеңберінде «Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің тарихы» жастар форумы өткізілді», – дейді қала әкімі.
Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған сәттен бері оған 100-ден астам меценат, 114 үкіметтік емес ұйым мен бастамашыл топ, 10 мыңнан астам ерікті тартылған. Олардың Отанға деген сүйіспеншілігі, жауапкершілігі және нағыз патриоттық сезімі үлгі боларлықтай.
Бұдан бөлек, облыс орталығында «Туған жер» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалар да айтуға тұрарлық. Аталмыш бағдарлама бойынша жыл басынан бері 140 миллион теңгеден астам қаражатқа екі спорт алаңы мен бір шағын футбол алаңы салынды.
Өткен жылы жаңадан ашылған ІТ мектебінің ауласында «Ұлы дала ұрпақтары» этнографиялық лагері ұйымдастырылды. Мәдениет саласында «Өнегелі отбасы – Рухани Жаңғырудың өзегі», «Ақындар айтысы», «Қазақшаңыз қалай?», «Үш бақытым», «Ашық аспан астындағы кітапхана» жобалары жүзеге асырылды. Ұлттық домбыра күніне орай Ш.Құсайынов атындағы облыстық музыкалық драма театрының алдына биіктігі 11 метр «Домбыра» ескерткіші орнатылды.
«Елбасы Н.Назарбаев: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз қажет», деп атап өткендей, латын графикасына көшудің маңыздылығы туралы кеңінен ақпараттандыруды насихаттау жұмысы 20 мыңнан астам халықты қамтыды, 575 іс-шара өткізілді. Бұл жұмысты одан әрі де жалғастыратын боламыз», – деп сөзін қорытындылады қала әкімі.