Бүгін Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Ақмола облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы, Ақмола облысының "Рухани жаңғыру" аймақтық жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен "Кітап оқып, рухани бай бол!" атты шара өтті.
Байқауға Көкшетау және Степногорск қалаларынан, Бурабай, Есіл аудандардан 12 адам қатысты.
Байқаудың мақсаты - оқу мәдениетін дамыту және насихаттау, жас жазушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, классикалық қазақ әдебиеті шығармаларының, соның ішінде көрнекті қазақ жазушысы Сәкен Жүнісовтің шығармаларының негізінде жастарды патриоттық тәрбиелеу.
Қазылар алқасының құрамында Ақмола облысының "Рухани жаңғыру" аймақтық жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайрат Сетқазин, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы Сәбит Жамбек, Көкшетау қаласының әдебиет және өнер мұражайының директоры Нұрболат Әлменов болды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша жеңімпаздар анықталып, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтсақ, 1 орын Гүлназ Тұрсынбаева (музыкалық центр) ие болды, 2 орын Ерден Нұрахметке (планшет) бұйырды, ал жүлделі 3 орыннан Динара Дүйсен (мобильді телефон) көрінді.
Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.