31 қаз, 2019 сағат 17:02

Көкшетауда халықаралық театр фестивалі басталды

Көкшетауда алғаш рет «Те-Art-Көкше» халықаралық фестивалі бастау алды. 5 күнге созылатын фестиваль аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Тараз бен Семей қалаларының үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді. Мұнымен қоса, Ресей мен Украина елдерінен келген театрлардың спектакльдері де ұсынылады.  

Халықаралық байқау облыс орталығында орналасқан бірнеше өнер алаңдарында ұйымдастырылады. Облыстық орыс драма театрынан бөлек, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық  қазақ музыкалық-драма театры, Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармония, «Достар» мен «Көкшетау» Мәдениет Сарайларында фестиваль қатысушылары өз өнерлерін паш етпек. Кейбір қойылымдар аталмыш өнер ордаларында бір уақытта өтеді,-дейді фестивальдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген ұйымдастырушылар.

«Кез келген театрлық фестивальге ауқымды шара ретінде қарау керек. Себебі, жан-жақтан театр майталмандары жиналады. Біздің Көкшетау үшін бұл айтулы оқиға. Мұндай ауқымды шараны өткізуді біздің барлық облыс орталықтары армандайды», - дейді Ақмола облыстық орыс драма театрының директоры Бейбіт Бахтыгереев.

Фестивальдің әділ қазылар арқасының құрамында өнертану кандидаты, профессор, театр сыншысы Сәния Қабдиева, Германия елінен келген театртанушы әрі сыншы Нина Мазур, грузиялық театртанушы, доктор Лаша Чхартишвили сынды сыншылар бар. Олар әр актердің қойылым барысындағы кәсіби шеберлігіне қарап, 4 номинация, яғни, «Үздік әйел рөлі», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік спектакль» мен «Үздік сценарий» бойынша баға береді.

5 күнге жалғасатын халықаралық фестивальде барлығы 20-ға жуық спектакль ұсынылады. Жергілікті өнерпаздар 2 қойылым көрсетіп, өңір намысын қорғамақ. Соның біреуі, Рақымжан Отарбаевтың «Бейбарыс» шығармасымен фестивальдің ашылу салтанатында ұсынылды. Ал, фестивальдің соңы елордалық театрлардың шығармаларымен, яғни «Шыңғыс хан» мен «Әке» қойылымдарымен жабылмақ.